Қажырлы еңбек пен ізденіс нәтижесі…

Ғылым мен білім беру саласы қызметкерлері үшін ғылыми ізденіс әрқашан алдыңғы орында болатыны заңдылық. Сол үрдістің көрінісі ретінде, «Көлік техникасы, тасымалдауды ұйымдастыру және құрылыс» кафедрасы професссор-оқытушылық құрам мүшелерінің еңбегін атауға болады. Нақты атап өтсек, Университетіміздің Техникалық факультеті базасындағы «Көлік техникасы, тасымалдауды ұйымдастыру және құрылыс» кафедраның доценті, т.ғ.к. Н.С. Сауханов жетекшілігімен кафедраның жас мамандары бірлесе отырып, жол қозғалысын ұйымдастыру саласындағы зерттеу жұмыстары нәтижесін ұсынды.

Ұсынылған ғылыми жұмыстың негізгі мақсаты, нақты қиылыс макеті көмегімен жол қозғалысын ұйымдастырудың дәстүрлі әдістемесін негізге ала отырып, көше-жол торабындағы қозғалыс қарқындылығын реттеуде адаптивті басқару технологиясын қолдану мүмкіндігін және артықшылықтарын көрсету болып табылады. Берілген ойды нақты жағдайда дәлелдеу үшін, зерттеу жұмыстары мен практикалық шаралар жасалды. Жинақталған мәліметтерді қорытындылай келе, адаптивті басқару технологиясын нақты көше-жол торабында қолдану мүмкіндігін көрсетуді, Arduino микроконтроллері базасында жұмыс жасайтын датчиктердің көмегімен жүзеге асыруға болады.

Аталған ғылыми-зерттеу жұмысы бойынша кафедра оқытушылары т.ғ.к., доцент Н.С. Сауханов,  аға оқытушы Т.С. Ибраимов, оқытушылар М.Б. Имагамбетов, Н.М. Мырзабеков, Н.Р. Бақытжанов және магистр Н.Н. Сергазы авторлары болып табылатын «Қаланың көше-жол торабындағы қиылыстарда қозғалысты реттеу жүйесінде адаптивті басқару технологиясын қолдану» атауындағы нысанға ҚР Әділет министрлігінің Ұлттық зияткерлік меншік институтына авторлық құқықпен қорғалатын объектілерге құқықтардың мемлекеттік тізілімге мәліметтерді енгізу туралы №9627 куәлік берілді (05 мамыр 2020 жыл). Аталған жұмыс кафедра оқытушыларының ғылыми ізденіс жолындағы жетістіктерінің бір көрінісі.

Авторлық куәлік